Created: 30 Тамыз 2018
280

ШАЛҚАР КӨЛІ ТУРАЛЫ МӘЛІМЕТ

Қазақ елінің батыс өңірі табиғатының бізге жеткен ежелгі тамаша ескерткіштерінің бірі – Шалқар көлі. Шалқар көлі Орал қаласының оңтүстік-шығыс жағында 75 шақырым жерде орналасқан. Бұл Батыс Қазақстан өңіріндегі ең үлкен және ең терең су қоймасы.  Каспий ойпатында ертеде Хвалын теңізі болғандығы, қазіргі кезде Каспий теңізі мен Шалқар көліне бөлінгендігі жөнінде болжам бар. Ежелгі заманнан Шалқар көлі өзіне адамның назарын аударған болатын, себебі оның жағасында Қазақ халқының түпкі ата-тегі түріктер, қыпшақтар, пешенектер мен оғыз тайпаларының қоныс тепкендігі анықталды. Демек, бұл жерде сонау тас дәуірінен бермен қарай тіршілік үзілген жоқ. Ғасырлар бойы мұнда миграциялық, этногенетикалық процестер жүріп жатты. Шалқар көлі айналасында Х ғасырда ескі қоныстар мен елді мекендердің болғандығына, жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің әр алуандығына 1968-1970 және 2002-2003 жылдардағы Сантас  тауының оңтүстігіндегі археологиялық қазбалар дәлел бола алады. Бұрынғы заманда, Шалқар көлінің шығысында Аңқаты өзенінің бойында орналасқан Сырым батырдың ата-тегі Байбақты тұқымының Барқын ұрпақтары тараған ауылдың қақ төсінде Тәржіман қазрет мешітінің мұнарасы көз тартатын.

 

Қазіргі уақытта Шалқар көлі экологиялық, ғылыми, мәдени, эстетикалық және  демалыс аймағы ретінде айрықша бағаланады.

 

Шалқар көлі аумағы жұмыртқа пішіндес су қоймасы сияқты, себебеі оңтүстікке  қарай созылған ұзындығы 18 шақырым, батыстан шығысқа қарай 15 шақырым. Ең  терең жері 18 метр. Көлдің түбінің 30%  10-12 метрлік тереңдік алып жатыр, ал 2 метрлікке дейін тереңдік – 13%. Көлдің сиымдылығы 1,4 млрд куб.м., жалпы аумағы 24 мың га. Қазіргі уақытта көлдің су деңгейі мұхит деңгейінен 26 метрдей төмен.Су температурасы шілде, тамыз айларында 24-26градус С. Көлдің суы хлорлы натрий минералды қоспасы бар ащы су қатарына жатады. Көлдің тұздылығы көктемнен күзге дейін 5-12 г/л, ал қышқылдығы 8,3-8,7РН болып есептеледі. Судың құрамында тіршілікке маңызы бар тұз қышқылы, кальций гидрокарбонаты, магний т.т.б. минералдық элементтер бар, ал ауыр металдар қосындысы мүлдем жоқ. Бұл демалушылардың денесін сауықтыруға жағымды әсер ететіні сөзсіз. Көлдің негізгі топырағы өсімдіктер қалдығы қосылған күлгін топырақты. Шығыс жақ беттен көлге Есен Аңқаты және Шолақ Аңқаты қос өзендері құяды, көлден Жайық өзеніне құятын Ащы өзені ағып шығады. Көл жағалауында өсімдіктердің 593 түрі кездеседі, соның ішінде 15 түрлі Қазақстанның қызыл кітабына енгізілген шөптер кездеседі. Омыртқалылардың 103 түрі бар, соның ішінде сирек жоғалып бара жатқан, Қазақстанның қызыл кітабына енгізілген қызғылт бірқазан, бұйра бірқазан, аққұтан, қалбағай, сұңқылдақ аққу, қара тұрпан, ақ бас тырна сынды 12 түрлі құстар кездеседі. Сан алуан сүтқоректілер мен бауырмен жорғалаушылар мекендейді. Балық түріне келетін болсақ, , ол көлдің басты байлығы. Сазан, ақмарқа,табан, қызылқанат, шортан, жайын, қара балық, көксерке, қылыш балық барлығы 20-ға тарта балық түрлері мекендейді. Шалқар көлі солтүстік және оңтүстік бөліктерінде  Сантас және Сасай тауларымен көмкерілген.

 

Ой-пікірлер (0)

Ой-пікірлері жоқ

Ой-пікіріңізді қалдырыңыз

Attachments (0 / 3)
Share Your Location